Коронавируспен ауырғың келсе....
Коронавируспен ауырғың келсе....

                              

                                                                           Сонда әлгі елді мекендердің халқы алапат

азабымыздың түн ішінде шырт ұйқыда жатқанда аяқ

астынан келіп, өздерін бас салмайтындығына сенімді

болды ма!?

Жоқ әлде, сол елді мекендердің халқы алапат азабымыздың

сәске уақытында мәз-мейрам болып күліп-ойнап жатқанда,

күтпеген жерден келіп, өздерін бас салмайтындығына

сенімді болды ма!?

Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына

сенімді болды ма? Шындығында, ақыр түбі орасан зиян

шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан

жазаламайды деп сенеді.

Ағраф сүресі – 97-99 аяттар

 

Құдайсыз қурай да сынбайды.

Халық мәтелі

 

 

Қолда бар алтынның қадірі болмайтынын әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген коронавирус атты індет келгенде анық түсінгендей болдық. Расында, өз денсаулығың үшін, жақындарың мен бала-шағаң үшін еш қорықпастан көше кезіп, нәпақа табудың өзі әжептеуір нығымет екен ғой. Қазақ айтса қалып айтпаған, сақтансаң Құдай да сақтайды деген, бір Құдай өзі сақтасын деп сақтық шараларын қолдан келгенше қазақбайша жүзеге асырып жатқан жайымыз бар. Дей тұрғанмен Аллаһ Тағала өзінің қасиетті кітабында бірнеше жерде «Біреудің күнәсін біреу арқалаушы емес, әркім өзіне тиістісін ғана алады» деген екен. Басымызға төнген осындай нәубетті өзіміз сұрап алдық па екен деген ой соңғы болып жатқан жағдайларға байланысты миымнан кетер емес. Енді осы шаршатқан ойдың шырмауығын бірге шешіп көрейік!

Адам ата алейһиссалам жаратылып жерді мекен еткелі бері адамзат басында небір бел майыстырып, қуатын қажытар азаптар мен бәле-жәлелер болмады емес, болды. Кейбіреулері бізге тарих беттерінен белгілі болса, енді біреулерін естіп те көрмеген шығармыз. Дегенмен тек ауру, кедейлік, адасушылықпен сыналып қана қоймай, жер бетінен түбегейлі жойылып кеткен қауымдар да болған. Ондай қауымдарды Аллаһ өзі біздерге қасиетті кітабында анық баяндаған. Әйтсе де Құранда айтылғандай «бұл тек өткендердің ертегісі» деп айтатын адамдар да табылар, дінде зорлық жоқ, сену сенбеу әркімнің өз еркі......

Сондай жойылған адамдардың алғашқысы Нұх а.с қауымы. Бұлай болуының себебі-Нұх пайғамбардың заманында адамдар Аллаһқа емес, өздерінің араларынан өтіп кеткен атақты адамдардың мүсіндеріне табынған. Одан кейін Ад қауымы, Нұхтың қауымының басына келген топан су азабынан кейін 800 жылдан кейін жер бетінен жоқ болып кеткен. Себеп-тәкәппарлық. Олар өздерінің күштері мен байлықтарына сеніп жер бетіндегі басқа жандарды адам көрмейтін, қысым көрсетіп, дүниелерін тартып алып, тіпті өлтіріп тастап отырған.

Салих пайғамбардың қауымы Самуд елінде, жоғарыда аталған екі қауымның да жағымсыз қасиеті бар еді, Аллаһтың қаһарына ұшырап, олар да жоқ болды. Сондай жоқ болып кеткен тағы бір қауым ол-Лұт пайғамбардың қауымы болды. Олардың жасаған үлкен күнәләрі өте жиіркенішті, себебі еркек пен еркек, әйел мен әйел қосыла беретін еді.

Бұл қауымдардың жойылу себептерін жасалған күнәнің салдары екені айтпаса да түсінікті, дей тұрғанмен тағы да бір аса маңызды фактор бар. Менің осы мақаланы жазудағы басты мақсатым аталған фактордың не екендігін түсіндіру болып табылады. Әрине шамамның жеткенінше!

Аса қамқор, ерекше рахымды Аллаһ бізге: «Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» деп баяндайды.

Кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген қауымда адамдарды белгілі бір жақсылыққа бастау үшін, міндетті түрде бір жамандықтарды тоқтату қажет болады. Ал ол жамандықты қалай тоқтатамыз деген логикалық сұрақ туса керек. Оның жауабын ардақты Пайғамбарымыз с.а.у  «Бір жамандықты көрсең, шамаң жетсе қолыңмен тоқтат, оны істей алмасаң, тіліңмен тоқтат, одан болмаса жүрегіңмен ренжі. Бірақ біл! Жүрегіңмен ғана ренжіп қоюың – иманыңның әлсіздігін білдіреді.» деген хадисінде көрсетіп кеткен.

Сонымен бізде екі үлкен, баға жетпес өмір сүру нұскамасы бар, ол екеуін жоғарыда айттық, біреуі Аллаһтың аяты, екіншісі Пайғамбар с.а.у хадисі. Аталған аяттың соңы «Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» деп аяқталады. Қандай мақсат!? Әлбетте Аллаһтың разылығын алу, азабынан алшақ болу. Ал ол мақсатқа жету үшін, Аллаһтың разылығын алып, азабынан құтылу үшін адамзатта үш деңгей бар екен:

Біріншісі – кез келген жамандықты қолмен тоқтату.

Екіншісі – сөзбен тоқтату.

Үшіншісі – сол жаман нәрсені жүрекпен жек көру. Бұл шектеу шеңберінің шегі болса керек, себебі адамда үшінші деңгейдегі түсінік те болмаса, онда ол адам мақсатқа жетер жолдан өте алшақта жүр деген сөз.

Аталған хадисті оқып отырып Ислам тарихы көзіме елестейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.у «ең жақсы қауым ол менің қауымым және меннен кейін келетіндер, және одан кейін келетіндер» деген. Байқап қарасақ ең жақсы қауым болған сол кездегі адамзат жамандыққа қатысты үш ұстанымды да ұстай білді. Яғни жамандықты қолмен тоқтатты, сөзбен де тоқтатты, жүректерімен де қабыл алмады. Одан кейінгі келген мұсылмандарда қолмен тоқтату жағы ақсай бастады, дегенмен сөзбен тоқтату өте жоғары деңгейде еді. Небір ғұламалар мен ғалымдар жалпы мұсылман жұртшылығын күллі адасушылықтардан қайтарып отырған. Бертін келе сөзбен тоқтату да тежеле бастады, дегенмен адамдарда жамандықты құптамау деген қасиет бар еді. Ал қазір ше!?

Пайғамбарымыз с.а.с бізге құдды бір «Әй үмметім, сен жамандыққа қарсы осы үш нәрсемен күресе білсең, басыңа еш жамандық келмейді, мақсатыңа жетесің, тіпті қауқарың болмай, қолмен тоқтата алмай, екі тәсілмен күрссең де сенің жағдайың мүшкіл бола қоймас, тіпті ең соңы айтып та амал қыла алмасаң, жүрегіңмен қош көрмеші, ол кезде де Аллаһтың рахымына ие боларсың. Ал енді жамандықты жүрегіңмен құптасаң онда сен өз өзіңе зиян еткен болдың» деп айтып тұрғандай.

Қазіргі қоғамда бұрынғы қауымдардың жоқ болуына себеп болған барлық күнәнің түрі бар. Ең сорақысы сол-біз сол күнәларға бойымызды әбден үйретіп алғанбыз. Әділетсіздік, адам өлтіру, зина жасау, арақ, есірткі, бір жыныстылардың некесі, өз баласын өзі лақтыратын аналар, өсімқорлық, ұрлық айта берсе шегі жоқ. Көшенің бір басында тойынған байлар, екінші басында бала-шағасымен қоқыс жәшігінде күнелтіп жатқан жесір әйел. Бір шөлмек ішімдікке жұмсалған байдың ақшасы, он адамның жанын аман алып қалуға болатын соммаға тең. Ақша көрсе сатылып кететін билік мүшелері мен заң органдары, парақорлықты мәдениеттің бір бөлшегі іспетті көрсетеді. Жалаңаш, арсыз, абыройсыз қыз-келіншектер мен ұстанымы жоқ, принципсіз еркектер біздің қоғамның негізін құрап тұрғандай. Кәмелетке толмағандардың өз-өзін өлтіруі бойынша бірінші орындамыз, жалпы суицидтен әлемде үшінші орын, халық санына шаққанда ажырасудан біріншілікті ешкімге берер емеспіз.

Ау, халайық бізге не болды!? Аллаһ біздің ата-бабамызды жер бетінде жақсылыққа бастап, жамандықтан қайтаратын бір қауым ретінде таңдап мұсылман қылмады ма. Онда неге біз, сол кешегі қайсар қазақтың ұрпағы Құдайды бір формальды түсінік ретінде қалыптастырып алғанбыз!? Ислам деген адам өлгенде молданың құран оқуы емес, Ислам деген тойға ұқсатып жасалған ас беру емес, Ислам бұл өмір сүру жолы. Бұл басты мақсатқа апарар тура жол. Ислам азаптан құтқаратын жол.

Аллаһ Құранда «кімде кім шаңның тозаңындай жамандық қылса, оның  нәтижесін көреді» деген. Шаң бер жағы, біздің қоғам болып, адамзат болып жасап жатқан жамандығымызды санасақ, жер беті адамды қалай көтеріп тұр екен деген ойға қаламыз. Әрине бұл Аллаһтың мейірімінің арқасы, басқа ештеңе де емес.

Адамзат Құдайды ұмытты, жамандыққа көз жұма қарап, арсыз нәрселерлі жүрегімен қабыл алды, жақсылыққа бастайтын қауымдар жоқ, әділдіктің ұшқыны да байқалмайды. Біздер өз өзімізге әділетсіздік жасаудамыз, Аллаһ емес. Аллаһ тек ескертуші, тепе-теңдік сақтаушы.

Коронавируспен ауырғың келсе, мақсатыңды таппай, жамандық пен әділетсіздікке толы күн кешкің келсе осы уақытқа дейін қалай жүрдің, сол өмір салтын ұстана бер. Себебі жақсылық пен жамандық Алладан. Бұл Алладан келген ескерту, Алладан келген азап!

Құдайсыз қурай да сынбайды!!! Осыны ұмытпайық!

 

Doszhan Zhanbolat ULYDoszhan Zhanbolat ULY
5 лет назад 2311
0 комментариев
О блоге