Қазақстан экономикасының басты проблемасы!
Қазақстан экономикасының басты проблемасы!

Қағаз жүзінде және бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің экономикасы максималды тұрақты және кез келген форс-мажорлық жағдайларға төтеп бере алатындай көрінгенімен, дәл қазіргі таңда Қазақстан экономикасы үлкен кризисті басынан кешіріп жатқаны ойланған адамға айдан анық көрінуде.

Ең үлкен және ең басты проблема болып-білдей бір елдің экономикасының шикізатқа тікелей байланысты болуында жатыр. Атап айтсақ мұнайға деген тәуелділік.

Ел билігі мемлекеттің мұнай саудасы әлем нарығында асығы алшысынан түсіп тұрғанда халық экономикасын диверсификацияламағанының салдары бүгінде білінуде. Ал бүгінгі былықтың балшығын сейілту мақсатында, әбден орнығып қалған фундаменталды проблеманы шешу үшін билік тарапынан «экономикалық саясатты» өзгерту үшін концептуалды әдіс-тәсілдерді де өзгертуге тура келеді.

Мектеп қабырғасында биология пәнінде «кез келген тірі организм, өзінің өмір сүруіне қолайлы жағдай туылса, ойлау қабілеті мен қорғану инстинктісін бірте-бірте жоғалта бастайды» деген бір қағиданы естіген едім. Сол сияқты Қазақстан билігінің экономикалық саясатты түрлі бағытта дамытуды қолға алмағанының басты себебі әлемдік нарықта мұнай өніміне деген бағаның шарықтауы салдарынан мұнайлы-долларлардың ел бюджетіне ағылып келуінде еді. Ең сорақысы сол, елде осының себебінен нарықтық қатынастардың кері кетуі орын алып, мемлекет социалистік нышандары жойылмаған капиталистік бағытты ұстана бастағанын байқамай да қалды.

Мұнайлы-долларлардың саны мен көлемі азая бастағанда, биліктегілер бұрындары басы басталып, аяғы аяқталмаған құрылымдық реформаларды қайта жаңғырта бастады. Не үшін? Ел экономикасында пайда болған жүйелік ауруларды емдеу мақсатында (солай деп 100 нақты қадам бағдарламасында жарияланды). Менің жеке өз пікірім бойынша, бұл құрылымдық реформалары ешқандай жетістіктерге жеткізе қоймайтын сияқты. Өйткені осыдан 10-15 жыл бұрын пайда болып, осы күнге дейін шешімін таппаған концептуалды проблемалар қаншама. Ел тізгінін ұстаған кісілер сол проблемалар себепті бүгінде қолдарына ұстап жүрген реформалары мен жоспарларын орындай алмады емес па! Енді неге тізесі шыққан, өтірік өзгерістер мен қайта қарауларға толы болған «гипербағдарламалары» бүгінгі таңда жүзеге асады деп ойлайды екен!? Бұл да өз алдына жеке тақырып.

Мен байқасам еліміздің экономикасын қайта жаңғырту үшін кедергі келтіретін мәселе -саяси бәсекелестіктің жоқтығы. «Қазақстан-2050» бағдарламасында «саяси либерализациялау елді модернизациялаумен және бәсекелестіктің жоғарғы деңгейін ұстанумен болады» делінген. Бірақ бұл қағиданы ұстану да бүгінгі таңда өкінішке орай мүмкін емес жағдай болып табылады. Егер Қазақстанда АҚШ-тағыдай тең салмақты екі саяси партия болғанда әңгіме өзгеше болар еді. Себебі АҚШ-тағы саяси партиялар ел экономикасын дамыту үшін бір-бірімен күрес жүргізеді. Қай жеңгені билік басына отырып, өз саясатын іске асыра бастайды (халық қамы үшін), ал егер ұстанған бағыты ақау бере бастаса, атап айтқанда ел басына кризис орнаса, ол билік орнынан кетіп, келесі партия өздерінің нағыз мотивацияланған адамдарының жаңа идеяларымен таққа отырады. Өз кезегінде оппозиция ролін алған партия биліктегі партияның босаңсуына жол бермес еді.

Қазақстандағы экономикалық шиеленіскен жағдайды шешуге көмектесетін құрал ол, «экономикалық саясат» туралы анық құжаттаманы шығару деп ойлаймын. Бізге шұғыл түрде экономикалық саясат және қаржылық секторлардың дамуы туралы алдағы үш жылға белгіленген құжат керек. Себебі биліктің аталған мәселерге байланысты ұстанған бағыттары жайлы ешқандай эксперт-мамандарда анық, айқындалған түсінік жоқ.

Сол құжатта елдің барлық экономикалық құбылыстары мен құрылыстары, қаржылық, сондай-ақ несиелік, салықтық және бюджеттік саясаттары көрсетілуі тиіс. Алдағы үш жылға қойылған басты мақсаттары ретінде: мемлекеттік шығыстардың көлемін экономиканы көтеру үшін ұлғайту, ұлт валютасының шетелдік валюталарға деген құнын өсіруді айтсақ болады. Ал жауапкершілікті жоғарылату мақсатында ол құжат парламентпен бекітілуі тиіс. Сондай-ақ үкіметтің және Ұлттық Банктің аталған мәселелердің орындалуы, орындалмауы, кездескен кедергілер мен жүзеге асқан тәсілдердің жыл сайынғы есебін өткізуін міндеттеу керек.

Егер осындай құжатты енгізер болсақ, алдағы үш жылда салықтың көлемін, қажет емес мемлекеттік шығындарды азайтуға, субсидия және мемлекеттік инвестицияларды индустриаландыру мен агробизнестің дамуына жұмсауға, шағын және орта бизнестің өркендеуіне, қарапайым халыққа қаржылық қолдау көрсетуге болар еді деп ойлаймын.

Бір емес бірнеше экономикалық проблемасы бар біздің елдің басты мәселесі дұрыс шешім қабылдай алмауда екенін, елдің экономикасының қай секторын алып зерттесек те байқайтынымыз белгілі. Сондықтан міндетті түрде саяси-экономиклық бағытты түбегейлі өзгертетін идеялардың мұқтаждығы тайға таңба басқандай көрінуде.

Байшымыров Досжан Жанболатович

Doszhan Zhanbolat ULYDoszhan Zhanbolat ULY
2 жыл бұрын 3799
1 пікір
  • сауатты талдау жасалған екен. осындай аналитикалық материалдар жиі жарияланып тұрса екен
    2 жыл бұрын
Блог туралы